Ата-аналарға арналған ақыл-кеңес. Балаңызда жалпақ табандық белгісі бар ма? Жалпақ табан деген не? Жалпақ табан (түйе табан) - адамның бір табанының, не екі бірдей табанының бойлық немесе көлденең үстерінің жалпаюы. Аяқты басқанда жалпақ табан түгелдей еденге (жерге) тиеді, ал ондай табан ізінде
үзеңгірек ойысының белгісі қалмайды. Жалпақ табандық көбіне табанға түсетін салмақ оның бұлшық етінің, сіңірімен сүйегінің төзімділігіне сәйкес келмейтін бала кезінде дамиды, бұған мешел ауруы,бала салмағының тым ауыр болуы т.б. себепші болады.
Жалпақ табандықтың алдын алу үшін дене шынықтырумен және спортпен үзбей айналысудың маңызы өте зор: жүзумен көбірек шұғылданған жөн, ал спорттың аяққа көп салмақ түсіретін түрімен (мысалы
ауыр атлетика, жүгіру коньки жарысы т.б) айналыспау керек. Жылы кезде құмда, борпылдақ топырақта жалаңаяқ жүрген пайдалы. Баланың жасына, оның өсіп –жетілуіне табанының жалпаюы сипатына қарай, дәрігер арнаулы гимнастика белгілейді, бала ата-анасының қадағалауымен үйде гимнастикамен айналысуы керек.
Аяқтың бұлшық еттері мен сіңірлерін шынықтыратын жаттығуларды да қатар жасаған жөн. Сондай-ақ аяққа жылы бұлау(температурасы 35-36оС) және массаж( сипау, сүрту, ысқылау )жасау керек.