Бала еліміздің бүгінімен ертеңі, мемлекеттің басты байлығы әрі тірегі.Біздің өскелең ұрпағымыздың алғашқы сатысы, білім мен тәрбие көзі осы балабақшадан бастау алады. Мектепке дейінгі мекемелерде баламен жұмыс жасаудың бірден-бір тиімді жағы - құрастыру жұмыстары.
«Құрастыру» дегеніміз әр түрлі заттарды, бөліктерді белгілі бір жағдайға келтіріп құрау деген мағнаны білдіреді.Алуан түрлі материалдардан құрастыру ойынмен көбірек байланысты. Ойын көбіне құрастыру процесімен қатар жүреді, ал балалардың жасап шығарғандары әдетте ойындарда пайдаланылады.
Балабақшада құрастырудың мынадай түрлері қолданылады: құрылыс материалдарынан, конструкторлар жиынтығынан, қағаздан, табиғи және басқа қажетсіз заттардан құрастыру.
Құрастыру процесінде мектеп жасына дейінгі балалар білімге, дағдыға және іскерлікке ие болады. Құрылыс материалдарының аттарын – текше, кірпіш, тақтайша, қырлы бөрене, призма, цилиндр, конуссияқты геометриялық ауқымды формалармен танысады. Құрастыру арқылы геометриялық денелерді, құрылыс заттарының көлемі, сапасы, пішіні және кеңістікте орналасу қатынастарын тануға қабілеттері артады. Қағаздан құрастыру кезінде балалардың геометриялық жазық фигуралар туралы білімі, жақ, бұрыштар, орталық нүктесі туралы ұғымы нақтылана түседі. Балалар қағазды майыстыру, жинау, жырту, кесу, желімдеу жолымен жалпақ формалардың түрін өзгерту тәсілдерімен танысады.
Табиғи және қажетсіз заттармен жұмыс істеу балаларға өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсете білуіне, жаңа бейнелеу дағдыларына ие болуға мүмкіндік береді.
Құрастыру жұмыстары үшін, әдеттегідей, дайын формалар пайдаланылады, балалар оларды жинай отырып қажетті кескінді алады.
Құрастырудың барлық түрлері балалардың конструкторлық ойы мен шығармашылық қабілетін дамытады. Балаға жасалатын затты, оның бөліктерінің формаларын алдын ала елестетіп, өзінде бар дайын формалармен ойша салыстыруы, оының жарамдылығын анықтауы, содан кейін пайдалануы керек. Конструкторлық ойды қалыптастырудың күрделі процесі үлкендер жағынан зейін аударып, дұрыс басшылық жасауды талап етеді.
Құрастыру процесінде шығармашылық қызметтің негізгі компоненттері болып табылатын белсенділік, дербестік, инициатива сияқты жеке бастың маңызды сапалары қалыптасады.
Бала бақылауда, жұмысты орындауда белсенді болуға, мазмұнды ойластыруға, материалды іріктеуге, алуан түрлі көркемдік әсерлілік құралдарын пайдалануда дербестігін көрсетуге үйренеді. Жұмыста мақсаттылыққа, оны ақырына дейін жеткізе білуге тәрбиелеу керек.
Құрастыру әрекетіне үйретудің негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады. Сондықтан құрастыру жұмыстарын ата-аналар үйде балаларымен бірге жалғастырса деген ұсыныс айтқым келеді. Бала құрастыру барысында өзінің іс-әрекетін әңгімелеу арқылы сөйлеуге, көлем, пішін, түстерді ажыратуға үйренеді. Белгілі бір затты құрастыру арқылы алдын ала ойлануға және қиялы дамиды, қолдың ұсақ бұлшық еттері жаттығып,аңғарымпаздық қасиеттері дамиды. Бала ойын ойнап болған соң құрылыс материалдарын өз орнына жинап қою, яғни ұқыптылыққа, жинақылыққа тәрбиеленеді.